Михаил Шайдоров Алексей Урмановпен жұмысын тоқтатты: бапкер ауысуы туралы не белгілі?

Фото: Getty Images
Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров көп жылдан бері бірге жұмыс істеп келген бапкері Алексей Урмановпен ынтымақтастығын тоқтатты. Бұл ақпаратты 19 қарашада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстанның туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов растады.
Бұған дейін БАҚ-та мәнерлеп сырғанаушы мен оның бапкерінің жолы айырылуы мүмкін екені туралы ақпарат тараған болатын. Журналистердің сұрағына жауап берген министр келісімшарттың бұзылғанын мәлімдеді.
«Қолда бар ақпарат бойынша, иә, Алексей Урмановпен келісімшарт бұзылды», – деді Мырзабосынов.
Министрдің айтуынша, Олимпиададағы жеңістен кейін Шайдоровтың дайындығында жаңа кезең басталды. Енді спортшы келесі олимпиадалық циклде өзімен бірге жұмыс істейтін бапкерлер құрамын анықтауы тиіс.
Министрлік мәнерлеп сырғанаушының командасынан жаңа бапкердің кандидатурасына қатысты ұсыныстар күтуде. Алдағы уақытта спортшының жалпы дайындығына және бағдарламаларындағы техникалық элементтерді жетілдіруге жауапты мамандар құрамын жасақтау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Мырзабосынов бапкерлерді таңдау туралы соңғы шешімді спортшының өзі қабылдайтынын атап өтті. Министрлік командасындағы өзгерістерге қарамастан Олимпиада чемпионына қолдау көрсетуді жалғастырады.
Ведомство басшысы Алексей Урмановтың қазақстандық мәнерлеп сырғанаудың дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
«Біз өз тарапымыздан Алексей Урмановқа үлкен алғыс айтқымыз келеді», – деді министр.
1994 жылы Лиллехаммерде өткен Олимпиада ойындарының чемпионы Алексей Урманов Михаил Шайдоровтың спортшы ретінде қалыптасуына зор үлес қосты.
Оның жетекшілігімен қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы 2025 жылғы әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алып, 2026 жылдың ақпанында мансабындағы ең үлкен жетістігіне қол жеткізді.
Милан мен Кортина-д’Ампеццода өткен қысқы Олимпиада ойындарында Шайдоров екі бағдарламаның қорытындысы бойынша 291,58 ұпай жинап, Қазақстан тарихында мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш Олимпиада алтынын жеңіп алды.