Михаил Шайдоровтың басты қарсыласы мансабында үзіліс жасауы мүмкін

Илья Малинин
Әлемнің үш дүркін чемпионы Илья Малинин спорттық мансабында үзіліс жасап, келесі маусымдағы жарыстарға қатыспауы мүмкін екенін айтты.
«Алдағы уақытта барлығы қалай өрбитінін көреміз. Келесі маусымда немен айналысатынымды әлі нақты білмеймін. Алдымен денсаулық жағдайымды бағамдап, содан кейін ғана жарысты жалғастырамын ба, әлде бір жыл үзіліс аламын ба — бір шешім қабылдаймын. Әзірге ештеңе түпкілікті анықталған жоқ. Жағдайға қарай көреміз.
Шынымды айтсам, бұл туралы қазір көп сөйлегім келмейді. Маған мәнерлеп сырғанаудан аздап демалу керек. Олимпиада алдындағы соңғы төрт жыл өте ауыр өтті. Сондықтан жарты маусымға немесе одан да ұзақ уақытқа үзіліс алуым мүмкін. Барлығы менің ішкі жай-күйіме байланысты. Қазір өзіме сенімсіз болғандықтан нақты шешім шығаруға асықпай, тек жағдайды бағалап жүрмін. Әзірше алдыға біртіндеп қадам басамыз», — деді Малинин The Orange County Register басылымына берген сұхбатында.
Еске салайық, Малинин 2026 жылғы Олимпиада ойындарында ерлер арасындағы жекелей сынның басты фавориті саналған еді. Қысқа бағдарламадан кейін америкалық спортшы сенімді түрде көш бастап тұрды.
Алайда еркін бағдарламада бірнеше қателік жіберіп, жарыс қорытындысында тек сегізінші орынмен шектелді.
Ал қазақстандық спортшы Михаил Шайдоров қысқа бағдарламадан кейін бесінші орында тұрғанымен, еркін бағдарламада тамаша өнер көрсетіп, айтарлықтай серпіліспен Олимпиада алтынын жеңіп алды.