Мишель Платини ФИФА басшыларына қарсы сот ісін бастады

Фото: Jack Guez / AFP / Archives
Бұрынғы УЕФА басшысы Мишель Платини ФИФА-ның бұрынғы және қазіргі өкілдеріне қарсы сот ісін бастады.
Бұрынғы УЕФА басшысы Мишель Платини ФИФА-ның бірқатар бұрынғы және қазіргі өкілдеріне қарсы сот ісін бастады. Reuters агенттігінің мәліметінше, француз сотқа Парижде қылмыстық және азаматтық талап арыздар берген. Жауапкерлер қатарында қазіргі ФИФА президенті Джанни Инфантино және ұйымның бірқатар бұрынғы функционерлері бар.
Платини өз талаптарын 2015 жылғы оқиғалармен байланыстырады. Ол кезде оның үстінен сыбайлас жемқорлыққа қатысты айыптаулар қозғалған болатын. Бұрынғы УЕФА басшысының пікірінше, дәл осы жағдайлар оған 2016 жылы ФИФА президенті сайлауына қатысуға кедергі келтірген.
Франция билігі ФИФА-ның бұрынғы заң директоры Марко Виллигер мен аудит комитетінің бұрынғы төрағасы Доменико Скаланы тергеуге алды. Оларға «қудалау және ықпалын асыра пайдалану» баптары бойынша айып тағылып отыр. Азаматтық талап аясында Платини өзіне келтірілген шығынды толық өтеуді талап етіп, ФИФА ішінде оның жоғары лауазымға сайлануына кедергі келтіруге бағытталған әрекеттер жасалғанын алға тартады.
Еске сала кетейік, 2015 жылы Швейцария құқық қорғау органдары ФИФА-ның бұрынғы президенті Йозеф Блаттерге қатысты тергеу бастаған. Ол 1998–2002 жылдары көрсеткен консультациялық қызметі үшін Мишель Платиниге 2 миллион швейцар франкін аудару ісімен байланысты болды. 2025 жылдың наурызында Швейцария қылмыстық сотының апелляциялық палатасы бұл іс бойынша екі тарапты да ақтады.
Тергеу басталғаннан кейін Блаттер мен Платини ФИФА этика комитетінің шешімімен футбол қызметінен 8 жылға шеттетілді. Кейін бұл мерзім тиісінше 6 және 4 жылға қысқартылды.