Модрич мансабын аяқтамайды: «Милан» аңызының жаңа келісім-шарты белгілі болды

Фото: Getty Images
Фабрицио Романоның мәліметінше, хорватиялық ардагер италиялық клубпен қысқа мерзімді жаңа келісімшартқа қол қояды. Бұған дейінгі келісім маусым аяқталған соң өз күшін жойғанымен, «россонерилердің» басшылығы мен футболшы әріптестікті жалғастыруға шешім қабылдаған.
Бұл жаңалық Модричтің мансабын аяқтауы мүмкін деген әңгімелерден кейін күтпеген жағдай болды. 2026 жылғы әлем чемпионаты аяқталғаннан кейін бірқатар дереккөздер «Алтын доп» иегері футболмен қоштасуы ықтимал екенін жазған еді. Алайда енді тәжірибелі жартылай қорғаушының жоғары деңгейде кем дегенде тағы бір маусым өткізуді жоспарлап отырғаны белгілі болды.
Модрич «Милан» сапында 2025 жылдың жазынан бері өнер көрсетіп келеді. Өткен маусымда ол барлық турнирде 37 матч өткізіп, 2 гол соғып, 3 нәтижелі пас берді. Transfermarkt порталының бағалауынша, футболшының қазіргі трансферлік құны 3,5 миллион еуроны құрайды.
Италия чемпионатына ауысқанға дейін Модрич 15 жылға жуық мадридтік «Реалдың» көшбасшыларының бірі болды. Осы кезеңде ол Чемпиондар лигасының кубогын алты рет жеңіп алып, Испанияда және халықаралық аренада ондаған трофей иеленді.
Айта кетейік, Хорватия құрамасымен бірге Модрич 2018 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, ал 2022 жылғы мундиальдің қола жүлдегері атанды. 2026 жылғы әлем чемпионаты оның мансабындағы бесінші мундиаль болды. Бұл турнирде Хорватия 1/16 финалда Португалиядан жеңіліп, жарысты аяқтағаннан кейін тәжірибелі футболшының мансабын аяқтауы мүмкін деген әңгімелер қайта күшейген еді. Алайда «Миланмен» жасалатын жаңа келісім бұл болжамдарды жоққа шығарды.