«Монако» Погбамен келісімшартты бұзуды көздеп отыр

Фото: Getty Images
Франциялық жартылай қорғаушы Поль Погба жақын арада жаңа команда іздеуі мүмкін.
«Монако» футболшымен келісімшартты мерзімінен бұрын бұзуды жоспарлап отыр. Оның клубпен келісімі 2027 жылдың жазына дейін жарамды.
Nice-Matin мәліметінше, клуб басшылығы 33 жастағы футболшыға бұл шешімін жеткізген. Қазір тараптар келісімшартты мерзімінен бұрын бұзу шарттарын талқылап жатыр. Нұсқалардың бірі бойынша «Монако» Погбаның 2027 жылдың жазына дейін келісімшартта кепілдендірілген жалақысын толық төлеуі мүмкін.
Бұл жағдай күтпеген шешім емес. Өткен жылдың соңында-ақ «Монако» жартылай қорғаушымен қоштасу мүмкіндігін қарастырған. Алайда сол кезде Погба клубты тағы бір мүмкіндік беруге көндірген.
Погба «Монакоға» 2025 жылдың жазында қосылған. Алайда оның жоғары деңгейге қайта оралуынан күтілген нәтиже болмады. Француз футболшысы клуб сапында небәрі 6 матч өткізді. Оның тұрақты ойнауына денсаулығына қатысты мәселелер кедергі келтірді.
Футболшы Англиядағы команданың оқу-жаттығу жиыны кезінде тағы да жарақат алды. Ойындардың бірінде Погба сол жақ жамбасының артқы бөлігінен қатты ауырсыну сезініп, алаңнан өздігінен шыға алмады.
Transfermarkt француз футболшысының нарықтағы құнын 2,5 миллион еуроға бағалап отыр.
Айта кетейік, Погба допингке қатысты дисквалификация мерзімі 18 айға дейін қысқартылғаннан кейін 2025 жылдың жазында «Монакоға» қосылған еді.