MotoGP вице-чемпионының мойын омыртқасы мен бұғанасы сынғаны анықталды

Фото: Gold & Goose Photography
MotoGP вице-чемпионы Алекс Маркес қазір есін жиды және Каталония Гран-приіндегі апаттан алған жарақаттарына ота жасатпақ. Бұл туралы Gresini Racing командасының баспасөз қызметі хабарлады.
17 мамыр күні испаниялық мото-шабандоз Барселонадағы жарыс уик-энді аясындағы негізгі жарыс жолында апатқа ұшырады. 12-айналымда көшбасшылар тобында келе жатқан испаниялық Педро Акостаның мотоциклі жылдамдықты үдету кезінде сөніп қалған. Маркес соқтығыстан қашуға тырысқанымен, жоғары жылдамдықта қарсыласының артқы дөңгелегіне тиіп кетті. Осыдан кейін оның мотоциклі бірнеше рет аударылып, шабандоздың өзі трасса жиегіне ұшып түсті. Дер кезінде қызыл жалаушалар көтеріліп, жарыс тоқтатылды. Gresini Racing командасының қатысушысы Маркес оқиға орнынан өздігінен кете алмай, шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді.
«Алексте жетінші мойын омыртқасының шеткі сынуы және оң жақ бұғана сынығы анықталды. Бұғана сүйегі пластинамен қайта бекітіледі. Жексенбі күні оған Каталония орталық ауруханасының дәрігерлері ота жасайды», — делінген хабарламада.
Бір апта бұрын Франция Гран-приінде MotoGP-дің бірнеше дүркін чемпионы Марк Маркес спринт жарысында оқыс құлап, табанын сындырған еді. Ол екі мәрте операция жасатып үлгерді. Марк Маркес — қазіргі әлем чемпионы, ал Алекс өткен маусымда чемпиондық үшін күресте ағасына жол берген еді.