«МЮ» мен «Челси» клубтары «Барселонаның» жартылай қорғаушысына қызығушылық танытып отыр

Айнат Қабидулла··
Фото: Marc Graupera / «Барселона» ФК

Фото: Marc Graupera / «Барселона» ФК

«Барселона» жартылай қорғаушысы Марк Касадо мансабын Испаниядан тыс жерде жалғастыруы мүмкін. Футболшыға бірнеше еуропалық клуб қызығушылық танытып отыр.

TEAMtalk дерегінше, «Манчестер Юнайтед» өкілдері 22 жастағы жартылай қорғаушының трансфері бойынша байланысқа шыққан. Сондай-ақ жағдайды «Челси» де мұқият бақылап отыр, алайда Лондондық клуб ойыншыға негізгі құрамда тұрақты орынға кепілдік бере алмайды.

Испаниялық футболшыны сатып алуда басты үміткер ретінде әлі де «Монако» саналады. «Барселона» Касадоны осы жазда-ақ сатуы мүмкін. Каталондық клуб жаңа ойыншыларды тіркеу үшін құрамнан орын босату нұсқасын қарастыруда.

Айта кетейік, Касадо «Барселонаның» негізгі командасында 2024 жылдың шілдесінен бері өнер көрсетеді. Оның келісімшарты 2028 жылдың 30 маусымына дейін жарамды. Өткен маусымда ол барлық турнирде 34 матч өткізіп, 1 нәтижелі пас берген.