Ник Кирьос кокаинге байланысты допинг-сынақтан кейін уақытша шеттетілді

Аружан Талғат··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Халықаралық теннистің адалдығын қамтамасыз ету агенттігі (ITIA) австралиялық теннисші Ник Кирьосты допинг-сынағы оң нәтиже көрсеткеннен кейін уақытша жарыстардан шеттетті.

31 жастағы теннисші 2026 жылғы 22 маусымда Майоркада өткен ATP 250 турнирі кезінде допинг сынамасын тапсырған. Кейін Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) аккредиттеген зертхана оның сынамасынан кокаин метаболиті бензоилэкгонинді анықтаған.

Кокаин стимуляторлар қатарына жатады және WADA тыйым салған заттардың тізіміне енгізілген. Кирьостың уақытша шеттетілуі 4 тамыздан бастап күшіне енді. Санкция қолданыста болған кезеңде австралиялық теннисші жарыстарға қатыса алмайды, ресми алаңдарда жаттыға алмайды, сондай-ақ ATP, WTA, ITF, «Үлкен дулыға» турнирлері мен ұлттық теннис қауымдастықтары өткізетін іс-шараларға қатысуға құқығы жоқ.

Кирьос бұл шешімге шағым түсіре алады. Алайда әзірге ол мұндай мүмкіндікке жүгінбеген. Теннисші допинг ережесін бұзғанын көпшілік алдында мойындап, жанкүйерлерінен кешірім сұрады.

«Бұл туралы менен тікелей естігендеріңізді қаладым. Майоркада тапсырған допинг сынамамнан кокаин іздері анықталды. Бұл үлкен қателік және оған толық жауапкершілікті өз мойныма аламын», — деді Кирьос.

Австралиялық спортшы отбасынан, жанкүйерлерінен, демеушілерінен және оның мансабын бақылап жүрген жандардан кешірім сұрады.

«Отбасымның, жанкүйерлерімнің, серіктестерімнің және жақындарымның алдында қатты ұялып тұрмын. Әсіресе мені үлгі тұтып қарайтын балалар туралы ойлау қиын. Өз әрекетім арқылы қандай белгі бергенімді түсінемін және өзіме қатты көңілім қалды», — деп қосты теннисші.

Сонымен қатар Кирьос соңғы жылдары тұрақты жарақаттарға байланысты қиын кезеңді бастан өткергенін айтты. Оның сөзінше, денсаулығындағы мәселелер физикалық жағдайына ғана емес, эмоционалдық ахуалына да әсер еткен.

«Мен өзімді ақтауға тырысып отырған жоқпын, тек басымнан өткен жағдайды түсіндіргім келеді. Соңғы бірнеше жыл жарақаттарға байланысты физикалық әрі психологиялық тұрғыдан өте ауыр болды. Денем кортта қалағанымды жасауға әрдайым мүмкіндік бере бермеді. Ал мансабымның аяқталуына жақындап қалғанымды қабылдау мен ойлағаннан әлдеқайда қиын болды», — деді Кирьос.

Дегенмен теннисші жеке қиындықтарының өз әрекеті үшін жауапкершілігін жоймайтынын атап өтті. Оқиғадан кейін ол біраз уақыт қоғамдық кеңістіктен алыстауды жоспарлап отыр.

«Мұның ешқайсысы менің әрекетімді ақтай алмайды. Бұл жағдай мен үшін үлкен ескерту болды. Алдағы 28 күн бойы әлеуметтік желілер мен қоғамдық өмірден шеттеп, өзіме көңіл бөлгім келеді. Осы кезеңде жеке кеңістігімді, ең алдымен, отбасымның құпиялылығын құрметтеулеріңізді сұраймын», — деді австралиялық.

Кирьос 2016 жылғы қазанда әлемдік рейтингте жекелей сында 13-орынға дейін көтерілген. Бұл оның мансабындағы ең үздік көрсеткіші. Ол кәсіпқой мансабында ATP турнирлерінде жекелей сында жеті титул жеңіп алды. 2022 жылы Уимблдон турнирінің финалына дейін жетіп, шешуші кездесуде Новак Джоковичтен жеңілді.

Сол маусымда Кирьос Танаси Коккинакиспен бірге Australian Open турнирінің жұптық сынында чемпион атанды.

Австралиялық теннисші «Үлкен үштік» өкілдерінің Новак Джокович, Роджер Федерер және Рафаэль Надальдің әрқайсысын өзара алғашқы кездесуінде жеңгенімен де танымал.