Новак Джокович 2027 жылғы Australian Open турниріне қатысуды жоспарлап отыр

Фото: ATP
«Үлкен дулыға» турнирлерінің 24 дүркін чемпионы Новак Джокович 2027 жылы өтетін Australian Open жарысына қатысатынын растады.
39 жастағы сербиялық теннисші Sportal Serbia басылымына берген сұхбатында Мельбурнде өнер көрсетуді жоспарлап отырғанын айтты. Алайда маусымның алғашқы «Үлкен дулыға» турниріне дейін басқа жарыстарға қатысу-қатыспау мәселесін әлі шешпеген.
«Сауд Арабиясында өтетін Six Kings Slam көрме турниріне қатысамын. Ал келесі маусымда Австралияда болатынымды нақты білемін. Australian Open алдындағы турнирге қатысу-қатыспау туралы шешімді командаммен бірге қабылдаймын. Қазір басты мақсатым – маусымды барынша жақсы аяқтау», – деді Джокович.
Австралияға аттанар алдында сербиялық теннисші Эр-Риядта өтетін коммерциялық Six Kings Slam турнирінде өнер көрсетуді жоспарлап отыр. Бастапқыда қазан айына жоспарланған жарыс ұйымдастырушылар шешімімен 27–30 желтоқсанға ауыстырылды. Турнирге Джоковичтен бөлек Карлос Алькарас, Янник Синнер, Александр Зверев, Тейлор Фриц және Алекс де Минор қатысады.
Қазір Джокович Швейцарияның Базель қаласында өтетін ATP 500 санатындағы турнирге дайындалып жатыр. Ол жарысқа ұйымдастырушылардың арнайы шақыруымен қатысады. Сербиялық спортшы алғашқы айналымда франциялық Уго Умбермен кездеседі.
Айта кетейік, Australian Open-2027 турнирі Мельбурнде 11–31 қаңтар аралығында өтеді. Негізгі жеребе бойынша матчтар 17 қаңтарда басталады. Джокович ерлер арасындағы жекелей сында Australian Open турнирінің рекордтық көрсеткіші – он дүркін чемпионы атанып отыр. 2026 жылы сербиялық теннисші финалға дейін жетіп, шешуші кездесуде испаниялық Карлос Алькарастан 6:2, 2:6, 3:6, 5:7 есебімен жеңіліп қалды.