Новак Джокович «Ролан Гаррос» турнирінің ұйымдастыру барысын сынға алды

Бегасыл Амирбай ··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Серб теннисшісі Новак Джокович «Ролан Гаррос»-2026 турнирінің үшінші айналымына шыққаннан кейін ауа райы жағдайы мен матчтарды ұйымдастыру мәселесіне қатысты пікір білдірді.

Әлемнің төртінші ракеткасы екінші айналымда франциялық Валантен Руайды 6:3, 6:2, 6:7, 6:3 есебімен жеңді.

— Мен бұлардың аптап ыстыққа байланысты арнайы ережесі неге жоқ екенін түсінбеймін. Мен мұндай ереже барлық «Үлкен дулыға» турнирлерінде бар деп ойлаушы едім. Бірақ бір танысым маған «Ролан Гарроста» ондай қағида жоқ екенін айтты.

Меніңше, егер орталық корттың төбесін ыстықтан қорғану үшін жапса, бұл басқа корттардағы күн астында ойнап жатқан теннисшілерге әділетсіз болар еді. Неге тек орталық корт жабылып, қалғандары ашық алаңда ойнауы керек? Мен бұнымен келіспес едім. Әрине, мұндай ыстық күні жабық кортта ойнау жақсырақ болар еді.

Соңғы жылдары Аустралиядағы жарыстарда да осындай жағдайлармен ұшырастық. Температура индексі қалыпты деңгейге түскенше матчтар бір, екі немесе үш сағатқа кейінге шегерілді. Бұл әділетті шешім. «Үлкен дулыға» турнирлерінде бұл проблема болмауы керек, себебі корттар өте көп. Жарықтандыру бар, үлкен ареналар бар. Матчтарды басқа корттарға ауыстырып, өзге жағдайда өткізуге болады, — деді Джокович.

Франция ашық чемпионатының үшінші айналымында сербиялық теннисші бразилиялық Жоао Фонсекімен кездеседі.

«Ролан Гаррос»-2026 турнирі 18 мамыр мен 7 маусым аралығында өтіп жатыр. Жарыстың жалпы жүлде қоры шамамен 71,7 миллион долларды құрайды.