Нұралы Әліп «Галатасарайдың» назарына ілікті

Фото: ФК «Зенит»
Қазақстан құрамасы мен Санкт-Петербургтің «Зенит» клубының 26 жастағы қорғаушысы Нұралы Әліп түркиялық «Галатасарайға» ұсынылды. Ыстамбұлдық клуб қазақстандық футболшыны қатарына қосу мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Бұл туралы түркиялық журналист Бурак Эрен X әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады. Дереккөздің мәліметінше, «Галатасарай» Нұралы Әліптің өнеріне назар аударып, оның ойындарын бақылап жүр.
Қорғаушы 2022 жылдың ақпанында алматылық «Қайраттан» «Зенитке» жалға ауысты. 2023 жылдың қаңтарында ресейлік клуб футболшының трансферін толық сатып алды. Ал 2024 жылдың тамызында тараптар келісімшартты 2028 жылдың жазына дейін ұзартты.
Қазақстандық футболшы биылғы маусымда «Зенит» сапында барлық турнирде 12 матч өткізді. Transfermarkt порталы оның нарықтық құнын 2 миллион еуроға бағалап отыр.
Айта кетейік, Нұралы Әліп Қазақстан құрамасында орталық қорғаушы позициясында ойнайды. «Зенит» сапында ол Ресейдің үш дүркін чемпионы атанып, ел Кубогы мен Суперкубогын жеңіп алған.