Нұрхан Жұмағазының Жапониядағы келесі жекпе-жегінің күні белгілі болды

Фото: nurkhan_zhumagazy / Instagram
Қазақстандық файтер Нұрхан Жұмағазы (11-1) жапониялық Rizin FF промоушеніндегі келесі жекпе-жегін өткізеді.
Қазақстандық спортшы 8 қараша күні Фунабаси қаласында өтетін Rizin 55 турнирінде октагонға шығады.
Оның қарсыласы – 34 жастағы оңтүстіккореялық Кёнг Пхё Ким. Қарсыласының еншісінде 15 жеңіс пен бес жеңіліс бар. Жекпе-жек жеңіл салмақта өтіп, үш раундқа жоспарланған.
Бұл қазақстандық файтердің жапониялық промоушен аясындағы үшінші кездесуі болмақ. Ол бұған дейін 12 сәуірде Rizin FF – Landmark Vol. 13 турнирінде өнер көрсетіп, жапониялық Тенья Ёсимураны (5-4) үш раунд қорытындысы бойынша төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңген еді.
Rizin 55 турнирінің басты жекпе-жегінде ең жеңіл салмақта чемпиондық белбеу сарапқа салынады. Бұл кездесуде Макото Такахаси (23-5-1) мен Тони Ларами (13-3) күш сынасады.