Басты бет
·
MMA/UFC

Нурмагомедовтар мен Двалишвили арасындағы жаппай төбелестің ықтимал себебі белгілі болды

Аружан Талғат··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Абу-Дабидегі қонақүйлердің бірінде ММА спортшылары арасында болған жаппай төбелестің ықтимал себебі айтылды.

Ресейлік журналист Игорь Лазорин бұл оқиғаны Мераб Двалишвили мен Нурмагомедовтар командасы арасындағы бұрыннан жалғасып келе жатқан жанжалмен байланыстырды.

Журналистің айтуынша, Усман Нурмагомедов грузиялық спортшыдан ағасы Умарға және басқа да дағыстандық файтерлерге қатысты айтқан сөздері үшін жауап алмақ болған. Алайда әңгіме көп ұзамай жаппай төбелеске ұласқан.

Лазориннің пікірінше, Двалишвили бұған дейінгі мәлімдемелері мен әрекеттері арқылы жанжалдың ушығуына өзі себеп болған. Ол әсіресе Тбилисиде өткен оқиғаны еске салды.

2026 жылдың 11 шілдесінде Real American Freestyle (RAF) лигасының баспасөз мәслихатында Двалишвили мен Умар Нурмагомедов бір-біріне ауыр сөздер айтып, кейін грузиялық спортшы дағыстандық файтерлермен жанжалдасқан еді.

Ал жаңа оқиға 11 қарашада Абу-Дабидегі қонақүйдің холында болған.

Двалишвилидің айтуынша, ол 21 жастағы досымен бірге сұхбат беріп тұрған кезде Усман Нурмагомедов пен оның жанындағы бірнеше адам арт жағынан келген.

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбалардың бірінде Усманның грузиялық спортшыға жақындап, соққы жасағаны көрінеді. Кейін жанжалға басқа адамдар да араласқан.

Мераб қарсыластарының саны әлдеқайда көп болғанын мәлімдеді. Кейін ол қанға боялған бетін көрсетіп, шабуылға Усманмен қатар Умар Нурмагомедовтің де қатысы бар екенін айтты.

Әзірге төбелестің нақты мән-жайы ресми түрде анықталған жоқ. Лазорин жанжалға Двалишвилидің бұрынғы әрекеттері себеп болды деп есептесе, грузиялық файтер өзіне күтпеген жерден шабуыл жасалғанын алға тартып отыр.

Еске салайық, екі тарап арасындағы текетірес 2025 жылдың қаңтарында өткен UFC 311 турнирінен кейін күшейген. Сол кезде Мераб Двалишвили Умар Нурмагомедовті төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңген болатын.

Айта кетейік, 14 қарашада Абу-Дабиде RAF турнирі өтеді. Онда Двалишвили Марлон Мораеспен, ал Умар Нурмагомедов Юрайя Фейбермен белдесуі тиіс.