Нұрсұлтан Тұрсынов қарсыласының келмеуіне байланысты әлем чемпионатының 1/8 финалына шықты

ҰОК
Қазақстандық грек-рим күресінің шебері Нұрсұлтан Тұрсынов Астанада өтіп жатқан әлем чемпионатында алғашқы белдесуін өткізбей-ақ келесі кезеңге жолдама алды.
87 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін отандасымыз бірінші айналымда катарлық Джафар Ханмен кездесуі керек еді. Алайда қарсыласы кілемге шықпағандықтан, Тұрсыновқа техникалық жеңіс берілді.
Осылайша, қазақстандық балуан жарыстың алғашқы кезеңінен автоматты түрде өтіп, 1/8 финалға жолдама алды. Енді ол ширек финалға шығу үшін күреседі.
Айта кетейік, бұған дейін 63 келіге дейінгі салмақта сынға түскен тағы бір қазақстандық Мейрамбек Айнағұлов украиналық Максим Люге есе жіберді.
Грек-рим, еркін және әйелдер күресінен әлем чемпионаты 24 қазан мен 1 қараша аралығында Астанадағы «Барыс Аренада» өтеді. Қазақстан құрамасы күрестің үш түрінен 30 салмақ дәрежесінің барлығында ел намысын қорғайды.