Басты бет
·
Футбол

«Ол менің де, команданың да сенімін ақтамады»: Тен Хаг Роналдумен арадағы жанжал туралы айтты

Бекарыс Әлімхан··
Фото: REUTERS/Phil Noble

Фото: REUTERS/Phil Noble

«Манчестер Юнайтедтің» бұрынғы бас бапкері Эрик тен Хаг португалиялық шабуылшы Криштиану Роналдумен араларында болған келіспеушілік туралы айтты. Бұл жағдай маманның ағылшын клубындағы жұмысы кезінде болған.

Нидерландылық бапкер The Athletic басылымына берген сұхбатында 2022 жылы команда тізгінін қолға алған кезде Роналдуға сенім артқанын мойындады.

«Криштиану команданың да, менің де сенімімді ақтамады. Біз оған үміт арттық. Мен оны қатты құрметтедім, ол футбол тарихындағы үздік ойыншылардың бірі. Бірақ бапкер ретінде мен ақылға қонымды шешім қабылдауым керек еді. Ол доппен де, допсыз да жүгірмейтін. Себебі өзін қажетті деңгейде дайындамаған. Кез келген үздік команда көшбасшы ойыншысының ерекшеліктерін ескеруі керек. Бірақ футболшының өзі де ұжым үшін жұмыс істеуге міндетті», – деді маман.

Тен Хагтың айтуынша, Роналду жаттығу кезінде әріптестеріне күштерін үнемдеуге кеңес берген. Нидерландылық маманның пікірінше, мұндай тәсіл физикалық тұрғыдан оңтайлы қалыпта жүрген футболшыға жарасуы мүмкін. Алайда сол кезде португалиялық шабуылшы қажетті талаптарға сай болмаған.

Еске салайық, Роналду 2022 жылдың қарашасында «Манчестер Юнайтедтен» екі тараптың келісімімен кетті. Ал Тен Хаг ағылшын клубын 2022 жылдан 2024 жылдың қазанына дейін жаттықтырды. Оның жетекшілігімен команда Англия лигасының кубогы мен Англия кубогын жеңіп алды.

«Ол менің де, команданың да сенімін ақтамады»: Тен Хаг Роналдумен арадағы жанжал туралы айтты – sport-hub