Олисе топ-клубтардың қызығушылығына қарамастан, болашағына қатысты шешім қабылдады

Фото: Getty Images
Мюнхендік «Баварияның» француз вингері Майкл Олисе Англияның жетекші клубтарының қызығушылығына қарамастан, командасын ауыстыруға асығар емес.
24 жастағы футболшы мансабын Германияда жалғастыруды көздеп отыр. Сондай-ақ ол қазіргі чемпиондармен жаңа келісімшарт жасасу мәселесін талқылауға дайын.
TEAMtalk мәліметінше, Олисе Мюнхенде өзін жайлы сезінеді және жақын арада клубтан кетуді жоспарлап отырған жоқ. «Бавария» басшылығы футболшыға аптасына шамамен 500 мың еуро жалақы қарастырылған жаңа келісімшарт ұсынуға дайындалып жатыр. Егер тараптар келісімге келсе, француз командадағы ең жоғары жалақы алатын ойыншылардың біріне айналады. Бұл тұрғыда ол Гарри Кейнмен деңгейлес болуы мүмкін.
Бұған дейін Олисеға Англияның бірнеше алпауыт клубы қызығушылық танытқан. Олардың қатарында «Ливерпуль», «Арсенал» және «Манчестер Сити» бар. Алайда әзірге футболшының АПЛ-ге оралу жоспары жоқ.
Сонымен қатар Испания чемпионаты Олисе үшін ерекше нұсқа болуы мүмкін. Дереккөздердің хабарлауынша, мадридтік «Реал» мен «Барселона» француз футболшысының жағдайын бақылап отыр. Қолайлы жағдай туындаса, екі клуб та оны қатарға қосу үшін күреске араласуға дайын.