Оразов маусымның соңына дейін қатардан шықты

«Елімай» ФК
«Елимай» клубы мен Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Рамазан Оразов маусымның соңына дейін алаңға шықпайды. Бұл туралы «ЖаркOFF» телеграм-арнасы хабарлады.
Дереккөздің мәліметінше, қазақстандық футболшы Мәскеуде күрделі ота жасатқан. Енді оны ұзақ емделу және қалпына келу кезеңі күтіп тұр, бұл шамамен алты айға созылуы мүмкін.
Еске сала кетейік, Оразов ауыр жарақатты Конференциялар лигасының бірінші іріктеу кезеңіндегі армениялық «Алашкертке» қарсы алғашқы матчта алған. Семейлік клубтың капитаны ойынның басында-ақ алаңнан кетіп, кейін Еревандағы ауруханалардың біріне жеткізіліп, алғашқы медициналық көмек көрсетілген.
Алған жарақатына байланысты Рамазан маусымның қалған бөлігін өткізіп, толықтай қалпына келуге көңіл бөлетін болады.