«Ордабасы» президенті Жасұлан Әмірдің болашағы туралы пікір білдірді

Фото: «Ордабасы» ФК
«Ордабасы» клубының президенті Дархан Қызайбаев команда Жасұлан Әмірді ресейлік клубтарға сатуды жоспарламайтынын және болашақта футболшыны тек еуропалық чемпионатқа жіберуді көздейтінін мәлімдеді.
Бұған дейін Калининградтың «Балтика» клубы шымкенттік футбол мектебінің түлегі үшін үш миллион еуро ұсынғаны туралы ақпарат тараған еді.
«“Балтика” тарапынан Әмірге қызығушылық болғаны рас, олар біздің клубқа ойыншыны ауыстыру мәселесі бойынша хабарласқан. Алайда нақты ұсыныс жасаған жоқ – біз бірден бас тарттық және Жасұланның клубта қалатынын, бұл жазда оны сатуды жоспарламайтынымызды жеткіздік.
Бұл – жас ойыншы, Қазақстандағы ең талантты футболшылардың бірі, ұлттық құраманың болашағы. Оның алдында “Ордабасы” сапында чемпион атану міндеті тұр. Осы мақсат орындалғаннан кейін ұсыныстарды қарастырамыз, бірақ Ресейден емес. Ойыншының әлеуеті жоғары, сондықтан біз оны тек еурокубоктарға қатысатын еуропалық чемпионат клубтарына сатуды жоспарлап отырмыз», – деді Қызайбаев.
Ағымдағы маусымда 19 жастағы Жасұлан Әмір «Ордабасы» сапында барлық турнирде 19 матч өткізіп, сегіз гол соғып, бес нәтижелі пас берген. Transfermarkt дерегіне сәйкес, футболшының нарықтық құны 500 мың еуроға бағаланады.
Қазақстан Премьер-лигасының 16 турында «Ордабасы» 40 ұпаймен турнир кестесінде бірінші орында тұр.