Басты бет
·
Футбол

«Ордабасының» Чемпиондар лигасындағы ықтимал қарсыластары белгілі болды

Бекарыс Әлімхан··
«Ордабасы» ФК

«Ордабасы» ФК

Қазақстан Премьер-лигасының алтын медалін мерзімінен бұрын жеңіп алған шымкенттік «Ордабасы» УЕФА Чемпиондар лигасындағы жорығын бірінші іріктеу кезеңінен бастайды. Команда жеребе тарту рәсімінде себетке түспеген клубтардың қатарында болуы мүмкін.

Football Meets Data сараптамалық ресурсының болжамына сәйкес, Қазақстан чемпионының клубтық коэффициенті 4,500 балды құрайды. Қазіргі көрсеткіш бойынша бұл алғашқы іріктеу кезеңінде себетке түскен командалардың қатарына қосылуға жеткіліксіз.

«Ордабасының» ықтимал қарсыластарының қатарында Исландияның «Викингур» (14,250), Босния және Герцеговинаның «Борац» (14,125), Әзербайжанның «Сабах» (14,000), Гибралтардың «Линкольн Ред Импс» (13,500), Молдованың «Шериф» (13,000) және Румынияның «Университатя Крайова» (12,000) клубтары бар.

Алайда іріктеу кезеңіне қатысатын командалардың түпкілікті құрамы әлі бекітілген жоқ. Ұлттық чемпионаттардың қорытындысы мен еурокубок маусымындағы нәтижелерге байланысты клубтардың жағдайы өзгеруі мүмкін.

УЕФА регламентіне сәйкес, жеребе тарту кезінде командалардың клубтық коэффициенттері ескеріледі. Ұйымдастырушылар жеребе рәсімінде қатысушыларды қосымша топтарға бөлуі мүмкін. Алғашқы іріктеу кезеңдерінің жеребесі 2027 жылдың маусымында тартылып, алғашқы матчтар шілде айында өтеді деп күтілуде.

Еске салайық, «Ордабасы» ҚПЛ аяқталуына бір тур қалғанда чемпиондық атағын қамтамасыз етті. Шымкенттіктер «Жеңіспен» 1:1 есебімен тең ойнады. Ал олардың басты қарсыласы «Қайрат» «Ақтөбені» жеңе алмады (2:2). Нәтижесінде Андрей Мартин шәкірттері алматылық клубтан төрт ұпайға озып, чемпиондықты мерзімінен бұрын рәсімдеді.

Қазақстан чемпионатының 30-туры аясында «Ордабасы» 31 қазанда сырт алаңда павлодарлық «Ертіске» қарсы ойнайды.

«Ордабасының» Чемпиондар лигасындағы ықтимал қарсыластары белгілі болды – sport-hub