«Паневежис» бапкері: «Қостанайға тек жеңіс үшін барамыз»

«Паневежис» ФК
Литваның «Паневежис» клубының бас бапкері Тони Коркеакуннас «Тобылға» қарсы Конференциялар лигасы екінші іріктеу кезеңінің алғашқы матчының қорытындысын шығарып, қарымта кездесуге қатысты ойын айтты.
Маманның сөзінше, оның командасы «Тобылдың» ойынын мұқият зерттеп, алғашқы матчтағы жоспарды сәтті орындаған.
«Біз қарсыласымызды жақсы зерттедік деп ойлаймын. Бұл – допты сенімді бақылап, позициялық футболға басымдық беретін команда екенін білдік. Матчтың басым бөлігінде қорғаныста сенімді ойнап, жағдайды бақылауда ұстадық. Қарсыластың бірнеше қауіпті сәті мен стандартты жағдайлары болды, бірақ олардың көбін сәтті тойтардық.
Жалпы алғанда, біз батыл ойын көрсеттік. Алаңдағы әрбір футболшы бар күш-жігерін салды. Кездесудің көп бөлігінде жоспарымыздан ауытқыған жоқпыз. Осындай жанкешті ойыннан кейін жеңіске жете алмағаныңа өкініш болады, өйткені оған мүмкіндік болды. Біз қарсыластан мықты едік демеймін, бірақ жеңіп кетуге толық мүмкіндік болды. Ең бастысы – команда мінез көрсетті».
Сонымен қатар Коркеакуннас қарымта кездесуде командасының жалғыз мақсаты жеңіске жету екенін айтты.
«Егер турист ретінде барсам, басқа бағытты таңдар едім. Бұл менің демалатын сүйікті жерім емес. Бірақ біз Қостанайға бір ғана мақсатпен барамыз – жеңіске жету үшін. Алғашқы матчтан кейін қажетті тәжірибе жинадық және не істеу керегін жақсы түсінеміз. Біздің ойымызда тек жеңіс бар», – деді ол lrt.lt басылымына.
Еске салсақ, алғашқы кездесу 1:1 есебімен аяқталды. Бірінші таймның соңына қарай литвалық клуб Сейдина Кейтаның голының арқасында есеп ашты.
Екінші таймда ойын тізгінін «Тобыл» өз қолына алды. 60-минутта Асхат Тағыберген пенальтиден мүлт кеткенімен, матч соңында капитан нәтижелі пас шығарып, Неманья Чавнич гол соқты. Черногориялық шабуылшы мүмкіндігін мүлт жібермей, кездесудің қорытынды есебін белгіледі.
Қарымта матч 30 шілдеде Қостанайда өтеді. Екі ойынның қорытындысы бойынша жеңіске жеткен команда Конференциялар лигасының үшінші іріктеу кезеңіне жолдама алып, Сербияның «Партизаны» мен Люксембургтің «УНА Штрассені» арасындағы жұптың жеңімпазымен кездеседі.