«Порту» – «Манчестер Сити» матчының бейнешолуы

Бекарыс Әлімхан··
Фото: ФК «Манчестер Сити»

Фото: ФК «Манчестер Сити»

«Манчестер Сити» Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі алғашқы турда «Портуды» 2:0 есебімен жеңді.

«Драгау» стадионында соғылған екі голдың авторы да ағылшын клубының шабуылшысы Эрлинг Холанд атанды. Норвегиялық футболшы 47-минутта командаға жаңадан қосылған Энцо Фернандестің алаңнан асырған добын баспен қақпаға бағыттап, есеп ашты. Ал төреші қосқан уақытта Холанд Раян Аит-Нуридің пасынан кейін дубль авторы атанды.

Матч барысында «Манчестер Сити» қақпаға 10 дәл соққы жасады. Ал «Порту» ойыншылары қарсылас қақпасын бірде-бір рет дәл көздей алмады. Алаң иелерінің қақпашысы Диогу Кошта сегіз сейв жасап, ағылшын клубының ірі есеппен жеңіске жетуіне жол бермеді.

Айта кетейік, Холандтың дублінен кейін оның Чемпиондар лигасындағы гол саны 59-ға жетті. Оның 35-ін норвегиялық шабуылшы «Манчестер Сити» сапында соққан. Осы көрсеткіш бойынша ол клубтың аңыз ойыншысы Серхио Агуэроны қуып жетті. Жалпы Холанд ағылшын клубы үшін өткізген 203 матчта 167 гол соққан.

Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі екінші турда «Порту» «Бетиспен» кездессе, «Манчестер Сити» ПСЖ-ға қарсы ойнайды.