Португалия Өзбекстанды тас-талқан етті, Роналду тарихи дубль авторы атанды

Али Асетов··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Португалия 2026 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі екінші турда Өзбекстан құрамасын 5:0 есебімен ойсырата жеңді.

Еуропалық команда матчтың алғашқы минуттарынан-ақ басымдық танытты. Есепті 6-минутта Криштиану Роналду ашса, араға көп уақыт салмай Нуну Мендеш есеп айырмасын ұлғайтты.

Бірінші таймның ортасында өзбекстандықтар қарсылас қақпасын дәл көздегенімен, бейнеқайталауды қарап шыққан төреші Аббосбек Файзуллаев тарапынан ереже бұзылғанын анықтап, голды есепке алмады.

Үзіліске дейін Роналду дубль авторы атанып, есепті 3:0-ге жеткізді. Екінші таймда да Португалияның шабуылы толастамады. 60-минутта қорғаушы Абдуқодир Хусанов өз қақпасына гол соғып алды. Ал матч соңына қарай Рафаэл Леау кездесудің қорытынды нүктесін қойды.

Әлем чемпионаты-2026. 2-тур. K тобы

Португалия – Өзбекстан – 5:0

Голдар: Роналду (6, 39), Мендеш (17), Хусанов (60, автогол), Леау (87).

Бұл матч Роналду үшін тарихи болды. Португалиялық шабуылшы әлем чемпионаттарының алты бірдей додасында гол соққан алғашқы футболшы атанды. Сонымен қатар ол мундиальдардағы гол саны бойынша Португалия құрамасының үздік сұрмергені атанып, көрсеткішін 10 голға жеткізді. Осылайша ол аңызға айналған Эйсебионың рекордын жаңартты.

Екі турдан кейін Португалия төрт ұпаймен K тобында көш бастады. Ал Өзбекстан құрамасы қатарынан екінші рет жеңіліп, топтың соңғы орнында қалып отыр.

Айта кетейік, топтық кезеңнің соңғы турында Португалия Колумбиямен кездессе, Өзбекстан Конго Демократиялық Республикасы құрамасына қарсы ойнайды.