«ПСЖ» Астанада футбол академиясын ашты

Аружан Талгат··
Фото: psgacademy

Фото: psgacademy

Францияның «ПСЖ» клубы Астанада футбол академиясын ресми түрде ашады. 2026 жылдың қыркүйегінен бастап онда 6 жастан 14 жасқа дейінгі 300-ге жуық ұл-қыз білім ала алады.

Қазақстан француз клубының халықаралық академиялар желісіндегі 24-ші елге айналады. Алғашқы жаттығулар елордада өтеді, ал болашақта жобаны кеңейтіп, елдің басқа қалаларында да филиалдар ашу жоспарланған.

Академияны кәсіпкер Алмаз Әлсенов басқарады. Жаттығу процесі ФИФА талаптарына сай келетін «Эйр Арена» стадионында өтеді. Жас футболшылар жас ерекшелігі мен дайындық деңгейіне қарай топтарға бөлінеді, ал жаттығулар «ПСЖ» әдістемесі бойынша жүргізіледі.

Бағдарламаға тұрақты жаттығулар, жолдастық матчтар мен турнирлерге қатысу, жазғы оқу-жаттығу жиындары, сондай-ақ түрлі халықаралық жобалар кіреді. Клубта бұл академия талантты балаларға сапалы футболдық білім алуға мүмкіндік беріп, Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдер футболының дамуына маңызды серпін береді деп сенеді.

«ПСЖ» өкілдері Қазақстанда футболға деген қызығушылық артып келе жатқанын атап өтіп, академияның ашылуы осы үдерістің бір бөлігі болатынын айтты. Бұл жоба жергілікті ойыншыларға әлемдегі ең танымал жас футболшыларды даярлау жүйелерінің біріне қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Еске салайық, 2025 жылы Алматы облысында мадридтік «Атлетико» клубының футбол академиясы өз жұмысын бастаған болатын.

«ПСЖ» Астанада футбол академиясын ашты – sport-hub