Басты бет
·
Футбол

«ПСЖ»-мен матчтан кейінгі жанжал: «Лилль» президенті алты айға шеттетілді

Али Асетов··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Францияның «Лилль» клубының президенті Оливье Летанг «ПСЖ»-ге қарсы матчтағы төрешілікке байланысты туындаған жанжалдан кейін алты айға футбол қызметінен шеттетілді.

L’Equipe басылымының мәліметінше, Франция футбол федерациясының (FFF) апелляциялық комитеті клуб басшысына берілген жазаны күшейткен. Алты айлық дисквалификацияның екі айы шартты жаза ретінде белгіленді.

Бұған Летангтың Франция футбол федерациясы мен төрешілер корпусына жолдаған электронды хаттары себеп болған. «Лилль» президенті бас төреші Эрик Ваттельенің жұмысына наразылық білдіріп, оны алдағы уақытта командасының матчтарына тағайындамауды талап еткен.

Жанжал 28 тамызда Франция чемпионатының екінші турында өткен «Лилль» мен «ПСЖ» арасындағы кездесуден кейін басталды. Матч 2:2 есебімен аяқталған. «Лилль» екі голды да төреші қосқан уақытта жіберіп алған.

Бұған дейін Франция лигасының тәртіптік комитеті Летангқа 20 мың еуро айыппұл салған еді. Алайда Франция футбол федерациясы бұл шешімге шағымданып, қосымша жаза қолдануға қол жеткізді.

Осылайша, Оливье Летангқа салынған 20 мың еуро айыппұл күшінде қалып, клуб басшысы алты айға футбол қызметінен шеттетілді.

«ПСЖ»-мен матчтан кейінгі жанжал: «Лилль» президенті алты айға шеттетілді – sport-hub