Путинцева Торонто қаласындағы WTA 1000 турниріндегі жарысын аяқтады

Али Асетов··
Фото: Jimmie48

Фото: Jimmie48

Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева Торонто қаласында өтіп жатқан беделді WTA 1000 санатындағы турнирде алғашқы кездесуінен кейін жарыс жолынан шығып қалды.

Жарыстың бірінші айналымында әлемдік рейтингте 81-орында тұрған Қазақстанның екінші ракеткасы WTA рейтингінде 57-сатыда орналасқан қытайлық Чжан Шуаймен кездесті. Екі партияның қорытындысы бойынша жеңіс Қытай өкілінің еншісінде қалды – 6:4, 6:1. Матч 1 сағат 12 минутқа созылды.

Торонто, WTA, әйелдер, 1/64 финал

Чжан Шуай (Қытай) – Путинцева (Қазақстан) – 6:4, 6:1

Ерте жеңіліске қарамастан, Путинцева 18 420 доллар көлемінде жүлде қорына ие болды және рейтингтік 10 ұпай жинады.

Айта кетейік, бұл қазақстандық теннисші үшін қатарынан екінші рет ерте аяқталған турнир болды. Бұған дейін Германияның Гамбург қаласында өткен WTA 250 санатындағы жарыста ол ширек финалға шыға алмай, екінші айналымда армениялық Элина Аванесянға жол берген еді.

Қазақстандық тағы бір теннисші Тимофей Скатов үшін де турнир сәтсіз аяқталды. Ол Германияның Хаген қаласында өткен ATP Challenger 100 сериясындағы жарысты алғашқы айналымнан кейін аяқтады.

1/16 финалда әлемдік рейтингте 147-орында тұрған Скатов ATP рейтингінің 261-сатысындағы аргентиналық Алекс Барренамен кездесті. Матч оңтүстікамерикалық теннисшінің пайдасына 7:6 (7:5), 6:2 есебімен аяқталып, ол жарыстың келесі кезеңіне өтті.

Путинцева Торонто қаласындағы WTA 1000 турниріндегі жарысын аяқтады – sport-hub