«Қағаз жүзінде ғана фаворит болдық»: Тағыберген – «Тобылдың» ауыр жеңісі туралы

«Тобыл» ФК
Қостанайдың «Тобылының» капитаны Асхат Тағыберген Конференциялар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі литвалық «Паневежиске» қарсы қарымта матчтан кейін өз әсерімен бөлісті.
Жартылай қорғаушының айтуынша, қазақстандық команда көптеген қауіпті сәттер жасағанымен, оларды тиімді пайдалана алмаған. Сондай-ақ ол фаворит мәртебесі еурокубоктарда оңай ойынға кепіл болмайтынын атап өтті.
«Біз көп мүмкіндік жасадық, бірақ оларды жүзеге асыра алмадық. Мүмкін, қағаз жүзінде ғана фаворит болған шығармыз. Еурокубоктарда оңай матч болмайды. Кейбір жігіттердің тәжірибесінің аздығы әсер еткен шығар, бәлкім қарсыласты сәл төмен бағаладық. Бақытымызға орай, сәттілік біз жақта болды. Данил Устименконың еңбегі орасан, дәл соның арқасында пенальти сериясында жеңіске жеттік. Бұл жеңіс көп жағдайда соған тиесілі», — деді Тағыберген «Qazsport» телеарнасының эфирінде.
Асхат Тағыберген матчта толық 120 минут ойнап, пенальти сериясында өз мүмкіндігін сенімді түрде жүзеге асырды.
Еске салайық, негізгі және қосымша уақыт 1:1 есебімен аяқталды. Жеңімпаз пенальти сериясында анықталып, «Тобыл» 3:2 есебімен басым түсті. Серияның басты кейіпкері қақпашы Данил Устименко болды — ол қарсыластың екі соққысын қайтарды.