«Қайрат» Чемпиондар лигасын жеңіспен бастады

Фото: f.c.kairat
Алматылық «Қайрат» УЕФА Чемпиондар лигасының жаңа маусымын жеңіспен бастады. 8 шілде күні Қазақстан чемпионы Алматыдағы Орталық стадионда Черногорияның «Сутьеска» клубын қабылдап, бірінші іріктеу кезеңінің алғашқы матчында 2:1 есебімен жеңіске жетті.
УЕФА Чемпиондар лигасы
Бірінші іріктеу кезеңі. Алғашқы матч
«Қайрат» (Қазақстан) – «Сутьеска» (Черногория) – 2:1
Голдар: Лукас Африко, 76 (1:0), Марко Мрвалевич, 90 (1:1), Марк Гуаль, 90+3 (2:1).
Матчтағы алғашқы голды 76-минутта Лукас Африко соқты. Ол алаң иелерінің шабуылынан кейін жасалған пасты сәтті аяқтап, «Қайратты» алға шығарды.
Алайда 90-минутта Марко Мрвалевич дәл соққысымен есепті теңестірді.
Кездесу тең аяқталуға жақын қалған сәтте алматылықтар қосымша уақытта жеңісті жұлып алды. 90+3-минутта Исмаил Бекболат нәтижелі пас шығарып, Марк Гуаль төменгі бұрышты дәл көздеп, Қазақстан чемпионына жеңіс сыйлады – 2:1.
Айта кетейік, бірінші таймда Жоржиньо да қарсылас қақпасына гол соққан болатын. Алайда VAR жүйесі арқылы эпизодты қарап шыққан төреші офсайд тіркеп, голды есепке алмады.
Қарымта кездесу 15 шілдеден 16 шілдеге қараған түні Черногорияда өтеді. Екі матчтың қорытындысы бойынша жеңіске жеткен команда екінші іріктеу кезеңіне шығып, Кипрдің «Омония» клубымен кездеседі.