Басты бет
·
Басқа спорт түрлері

«Қайрат» Чемпиондар лигасын жеңіспен бастады

Аружан Талғат··
Фото: АФК «Кайрат»

Фото: АФК «Кайрат»

Алматылық «Қайрат» футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі алғашқы матчында латвиялық «Бейтарды» 5:3 есебімен жеңді.

Бельгияның Роздале қаласында өткен кездесуде Густаво Парадеданың шәкірттері ойын тізгінін бірден қолға алды. 4-минутта Азат Уәлиуллин есеп ашса, көп ұзамай Кайо Руис алматылықтардың басымдығын еселей түсті. Бразилиялық ойыншы пенальтиден гол соғатын мүмкіндікке де ие болды, алайда оны пайдалана алмады.

Үзіліске дейін Кайо Руис тағы бір гол соғып, дубль авторы атанды. Екінші тайм басталған бойда Алмас Иманбеков есепті 4:0-ге жеткізді.

Дегенмен латвиялық команда оңайлықпен беріле қоймады. 22-минутта Дмитрий Кузьмин есеп айырмасын қысқартса, бір минуттан кейін «Бейтардың» қақпашысы Максим Троицкий де гол соқты. Ал 26-минутта Кузьмин дубль жасап, есепті 3:4-ке жеткізді.

34-минутта Кайо Руис үшінші голын соғып, хет-трик рәсімдеді. Осылайша, «Қайрат» 5:3 есебімен жеңіске жетті.

УЕФА Чемпиондар лигасы. Негізгі кезең

«Қайрат» (Қазақстан) – «Бейтар» (Латвия) – 5:3

Голдар: Уәлиуллин, 4 (1:0), Кайо Руис, 7 (2:0), Кайо Руис, 20 (3:0), Иманбеков, 21 (4:0), Кузьмин, 22 (4:1), Троицкий, 23 (4:2), Кузьмин, 26 (4:3), Кайо Руис, 34 (5:3).

Айта кетейік, румыниялық «Юнайтед Галац» жарысқа қатысудан бас тартқаннан кейін топтағы қалған екі команда да Чемпиондар лигасының 1/8 финалына жолдама алды.

Алматылық клуб келесі кездесуін 31 қазаннан 1 қарашаға қараған түні бельгиялық «Спортинг-Андерлехтке» қарсы өткізеді.