«Қайрат» өз деңгейін дәлелдеді». «Омония» бас бапкері Чемпиондар лигасы матчы алдында пікір білдірді

«Омония» ФК
Кипрдің «Омония» клубының бас бапкері Хеннинг Берг Чемпиондар лигасы екінші іріктеу кезеңіндегі Алматының «Қайратына» қарсы өтетін алғашқы матч қарсаңында өз ойын айтты.
Норвегиялық маман шәкірттерінің ресми ойындардың басталуын асыға күтіп отырғанын және маңызды сынға дайын екенін жеткізді.
Бергтің айтуынша, «Омония» алдағы қарсыласының деңгейін жақсы біледі. Ол «Қайраттың» еурокубоктарда тәжірибесі мол команда екенін және өткен маусымда Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алғанын атап өтті.
«Біз маусымның басталуын және Еуропадағы матчтарды асыға күтіп жүрміз. Алдымызда халықаралық аренада өз деңгейін дәлелдеген мықты команда тұр. Дегенмен біз өз ойын мәнерімізден бас тартпаймыз. Өзіміздің футболымызды көрсетіп, оң нәтижеге қол жеткізуге тырысамыз», – деді «Омонияның» бас бапкері.
Кипрлік клуб пен Қазақстан чемпионы арасындағы алғашқы кездесу 22 шілдеде Никосиядағы GSP стадионында өтеді. Матч Қазақстан уақытымен 22:00-де басталады.
Айта кетейік, «Омония» – Кипрдің ең атақты клубтарының бірі. Команда ел чемпионы атағын 22 рет, Кипр кубогын 16 рет, ал Суперкубокты 17 мәрте жеңіп алған.