«Қайрат» пен астаналық «Локомотивтің» бұрынғы бапкері Владимир Гулямхайдаров қайтыс болды

Фото: Тәжікстан футбол федерациясы
80 жасында кеңестік танымал футболшы әрі бапкер Владимир Гулямхайдаров өмірден өтті. Бұл туралы GOALTJ|Тәжікстан футболы Telegram-арнасы хабарлады.
Гулямхайдаров ойыншы ретінде Душанбедегі «Энергетик», Мәскеудің «Торпедо» клубтарында, сондай-ақ тәжікстандық «Памир» мен «Вахш» командаларында өнер көрсетті. Ойыншы мансабын аяқтаған соң бапкерлікке қызметке ауысып, «Памир» мен «Вахшты» басқарды, кейін Тәжікстан ұлттық құрамасының тізгінін ұстады.
1996 жылдан бастап маман Қазақстанда жұмысын жалғастырып, Екібастұздың «Батыр» клубында еңбек етті. Кейіннен Алматынық «Қайрат», «Тараз», «Мегаспорт» және Астананың «Локомотив» командаларын жаттықтырды, сондай-ақ Қаскелеңнің «Сұңқар» клубында кеңесші қызметін атқарды.
Сонымен қатар, Гулямхайдаров спорт шебері және Тәжікстанның еңбек сіңірген бапкері болған.