Басты бет
·
Футбол

«Қайрат» пен «Семей» Чемпиондар лигасының 1/8 финалы алдында маңызды басымдыққа ие болды

Али Асетов··
«Қайрат» АФК

«Қайрат» АФК

Қазақстандық «Қайрат» пен «Семей» футзал клубтары УЕФА Чемпиондар лигасының 1/8 финалына арналған жеребе тарту рәсімінде себетке бөлінген командалар қатарына енді.

Екі команда да негізгі кезеңнің топтық сатысында екінші орын алғандықтан, мұндай мәртебеге ие болды.

Турнир регламентіне сәйкес, А жолындағы топтарда алғашқы екі орынды иеленген клубтар В жолындағы топ жеңімпаздарымен немесе үшінші орын алған командалармен кездеседі.

Қазақстандық клубтар үшін себетке бөлінген командалар қатарында болу өз алаңындағы және сырт алаңдағы матчтардың ретін таңдауда басымдық береді. «Қайрат» пен «Семей» плей-офф кезеңіндегі алғашқы кездесулерін қарсыластарының алаңында өткізсе, қарымта ойындарды өз жанкүйерлерінің алдында өткізеді.

Қарсыластардың есімі 4 қарашада белгілі болады. Жеребе тарту рәсімі Швейцарияның Ньон қаласында өтеді. Басталуы Қазақстан уақытымен 16:00-ге жоспарланған. Сол күні ширек финалдағы ықтимал қарсыластардың да жолы анықталады.

1/8 финалдың алғашқы матчтары 23 қарашада, қарымта кездесулер 4 желтоқсанда өтеді. Ширек финал ойындары 8 және 19 ақпанға жоспарланған. Ал үздік төрт команда қатысатын шешуші матчтар 7–9 мамыр аралығында Швейцарияның Биль қаласында өтеді.

Айта кетейік, негізгі кезеңнің соңғы турында қазақстандық клубтар әртүрлі нәтиже көрсетті. Алматылық «Қайрат» бельгиялық «Спортинг-Андерлехттен» 3:8 есебімен жеңілсе, «Семей» швейцариялық «Минерваны» 5:1 есебімен ойсырата ұтты.