«Қайрат» «Семейді» жеңіп, Қазақстанның 22 дүркін чемпионы атанды

Фото: afckairat / Instagram
Алматының «Қайрат» футзал клубы кезекті рет Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанды.
Алтын жүлденің иесі финалдық серияның бесінші матчында ғана анықталды. Алматылықтар «Семейді» тек қосымша уақытта жеңе алды.
Шешуші кездесуге дейін екі команда да екі жеңістен еншілеп, сериядағы есеп тең болған еді. Матчтың 3-минутында Эдсон Сантос дәл соққысымен «Қайратты» алға шығарды. Алайда алаң иелері көп ұзамай таразы басын теңестірді. 9-минутта Камиль Герейханов есепті 1:1-ге жеткізді. Бірінші тайм осы есеппен аяқталды.
Екінші таймда Жулио Заноттоның голынан кейін алматылықтар қайтадан алға шықты. Бірақ негізгі уақыттың аяқталуына жеті минут қалғанда Кандидо есепті тағы теңестіріп, жеңімпазды анықтау қосымша уақытқа ұласты.
Қосымша уақыттың алғашқы бөлімі аяқталар тұста Біржан Оразов алыстан дәл соққы жасап, «Қайратқа» жеңіс сыйлады. Бұл гол матчтағы шешуші сәтке айналып, алматылықтар 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Қазақстан чемпионаты. Плей-офф. Финал
«Семей» – «Қайрат» – 2:3
Осылайша, «Қайрат» финалдық серияда жеңіске жетіп, қатарынан екінші жыл Қазақстан чемпионы атанды. Сонымен қатар бұл алматылық клубтың тарихындағы 22-чемпиондық атағы болды. Осы нәтижемен «Қайрат» ел футзалындағы көшбасшы клуб мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеді.