Басты бет
·
Футбол

«Қайрат» тең ойнады, «Аякс» жеңілді: Конференциялар лигасының нәтижесі

Аружан Талғат··
Фото: f.c.kairat

Фото: f.c.kairat

15 қазанда УЕФА Конференциялар лигасының 2026/27 жылғы маусымындағы жалпы кезеңнің бірінші тур ойындары аяқталды. Алматының «Қайраты» Латвияда тең есеп тіркесе, «Монако» сырт алаңда жеңіске жетті. Ал «Аякс» күтпеген жерден Хорватияның «Хайдук» клубына есе жіберді.

Конференциялар лигасының алғашқы ойын күнінде бірнеше қызықты нәтиже тіркелді. Солардың қатарында амстердамдық «Аякстың» жеңілісі, «Брайтон» мен «Копенгагеннің» ірі жеңістері және Швейцариядағы нәтижелі кездесу бар.

Қазақстандық жанкүйерлердің басты назары «Қайрат» пен Латвияның «Рига» клубы арасындағы матчқа ауды. Алматы командасы бесінші минутта Марк Гуальдің пенальтиден соққан голының арқасында есеп ашты. Алайда жеті минуттан кейін Салах Улад есепті теңестірді.

29-минутта алаң иелері алға шығуға мүмкіндік алды. Бірақ «Қайрат» қақпашысы Темірлан Анарбеков Мұхаммед Бадамосидің пенальтиін қайтарды. Екінші таймда командалар гол соға алмады. Қорытынды есеп – 1:1.

«Аякс» еурокубоктік науқанын сәтсіз бастады. Нидерланд клубы сырт алаңда Хорватияның «Хайдук» командасына 1:2 есебімен жеңілді. Ал «Монако» Софияның ЦСКА клубын 2:1 есебімен ұтты.

Турдағы ең ірі жеңістердің біріне Англияның «Брайтон» клубы қол жеткізді. Ағылшын командасы Литваның «Кауно Жальгирис» клубының қақпасына жауапсыз төрт гол соқты. Даниялық «Копенгаген» де Португалияның «Брага» командасын 3:0 есебімен сенімді жеңді.

«Лугано» мен «Црвена Звезда» арасындағы кездесу де тартысты өтті. Швейцариялық клуб 3:2 есебімен жеңіске жетті. Германияның «Фрайбург» командасы да дәл осындай есеппен Чехияның «Яблонец» клубынан басым түсті.

Конференциялар лигасының бірінші турында тіркелген нәтижелер

Осылайша, жалпы кезеңнің алғашқы турында 18 матч өтті. Қазақстандық «Қайрат» бір ұпай жинап, плей-оффқа шығу үшін күресін жалғастырады.

«Қайраттың» келесі матчы қашан?

Конференциялар лигасының екінші турында алматылық команда Грекияның «Панатинаикос» клубын қабылдайды. Кездесу 22 қазанда Алматыда өтеді.

Грекиялық клуб алғашқы турда өз алаңында Босния және Герцеговинаның «Борац» командасын 2:1 есебімен жеңіп, үш ұпай жинады.