«Қайратсыз»: Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі барлық жұп анықталды

Бекарыс Әлімхан··
Фото: УЕФА

Фото: УЕФА

11 және 12 тамызда өткен Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіндегі қарымта матчтардың қорытындысы бойынша 2026/27 жылғы маусымның плей-офф кезеңіне шыққан барлық командалар анықталды.

Іріктеудің соңғы кезеңінде командалар Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама үшін таласады. Екі матчтың қорытындысы бойынша жеңілген командалар еурокубоктағы жолын Еуропа лигасының негізгі кезеңінде жалғастырады.

Чемпиондар лигасы іріктеуінің плей-офф кезеңіндегі жұптар:

  • «Фенербахче» (Түркия) – «Лион» (Франция);
  • «НЕК Неймеген» (Нидерланд) – «Буде-Глимт» (Норвегия);
  • «Хапоэль» Беэр-Шева (Израиль) – «Сабах» (Әзербайжан);
  • «Слован» (Словакия) – «Целе» (Словения);
  • «Селтик» (Шотландия) – ЛАСК (Австрия);
  • «Динамо» Загреб (Хорватия) – «Викинг» (Норвегия);
  • «Левски» (Болгария) – АЕК (Грекия).

Плей-офф кезеңінің алғашқы матчтары 19 тамызда, қарымта кездесулері 26 тамызда өтеді.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасының қақпашысы Стас Покатилов Әзербайжанның «Сабах» клубында өнер көрсетеді. Ол үшінші кезеңде даниялық «Орхусқа» қарсы екі матчқа қатысып, командасының 5:2 есебімен жалпы жеңіске жетуіне үлес қосты.

Қазақстан чемпионы «Қайрат» Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіндегі өнерін «Левскиден» екі матчтың қорытындысы бойынша 0:2 есебімен жеңіліп, аяқтады. Алматы клубы еурокубоктағы жолын Еуропа лигасының іріктеу плей-офф кезеңінде жалғастырады. Онда бельгиялық «Андерлехт» пен грек ПАОК арасындағы жұптың жеңімпазымен кездеседі.

«Қайратсыз»: Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі барлық жұп анықталды – sport-hub