«Қайсар» Армения чемпионатында ойнайтын бразилиялық футболшыны қатарға қосты

Бегасыл Амирбай ··
Фото: Marília Atlético Clube

Фото: Marília Atlético Clube

Қызылордалық «Қайсар» құрамын армениялық «Алашкертте» ойнаған бразилиялық қорғаушы Клайдер Маседомен күшейтті.

Журналист Элдар Аманбаевтың мәліметінше, 27 жастағы футболшы клубпен алдын ала келісімшартқа қол қойып үлгерген және Армения чемпионаты аяқталғаннан кейін команда қатарына қосылады.

Биылғы маусымда сол қаптал қорғаушысы 26 матч өткізіп, бір нәтижелі пас берген.

Бұған дейін Маседо болгариялық «Берое» мен «Крумовград», бразилиялық «Гремио Анаполис», сондай-ақ армениялық «Ван» клубтарының намысын қорғаған.

11 турдан кейін «Қайсар» 9 ұпаймен Қазақстан Премьер-лигасының турнир кестесінде 12-орында тұр. Ал Қазақстан Кубогында қызылордалық клуб жартылай финалға шығып, елордалық «Жеңіспен» бақ сынасады.

«Қайсар» Армения чемпионатында ойнайтын бразилиялық футболшыны қатарға қосты – sport-hub