«Қар барыстары» G-Drive Кубогындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді

Фото: snezhnye_barsy
Астаналық «Қар барыстары» Омбыда өтіп жатқан маусым алдындағы G-Drive Кубогында алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Қазақстандық команда Новосібірдің «Сибирские Снайперы» клубын буллиттер сериясында 4:3 есебімен жеңді.
Кездесу «Барстар» үшін сәтсіз басталды: бесінші минутта Роман Исаенко қарсыластарды алға шығарды. Алайда бірінші үзіліске дейін астаналықтар ойын барысын толықтай өз пайдасына өзгертті. Алдымен Аристарх Киреев есепті теңестірсе, бір минутқа жетпейтін уақытта Арманжан Калиев командасын алға шығарды.
Екінші кезеңде Киреев дубль авторы атанып, «Қар барыстарының» басымдығын арттырды. Үшінші кезеңде «Сибирские Снайперы» Артем Горбунов пен Иван Рябовтың дәл соққыларының арқасында таразы басын теңестіріп, матчты овертаймға жеткізді.
Қосымша уақытта жеңімпаз анықталған жоқ, ал буллиттер сериясында шешуші соққыны Аристарх Киреев дәл орындап, астаналықтарға турнирдегі алғашқы жеңісті сыйлады.
G-Drive Кубогы. Омбы
«Қар барыстары» (Астана, Қазақстан) — «Сибирские Снайперы» (Новосібір, Ресей) — 4:3 Б
Шайбалар: Киреев, 14, 29; Калиев, 15 — Исаенко, 5; Горбунов, 45; Рябов, 56.
Буллиттер: Киреев — жеңіс голы.
Келесі матчты астаналық команда 7 тамыз күні турнир қожайындары «Омские Ястребы» клубына қарсы өткізеді. Ойын Қазақстан уақытымен 14:00-де басталады.
Бұған дейін «Қар барыстары» «Кузнецкие Медведи» командасынан (2:4) және Челябинск қаласының «Белые Медведи» клубынан (1:5) жеңілген болатын.