Қазақ файтері жарқын нокаутпен Alash Pride чемпионы атағын қорғады

Каирбек Тулегенов ··
Фото: instagram/asyljan_kaz

Фото: instagram/asyljan_kaz

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында Brave CF 105 және Alash Pride 123 бірлескен ММА турнирі өтті.

Кештің басты жекпе-жегінде Alash Pride лигасының чемпиондық атағы үшін қазақстандық Асылжан Таскет (9-3) пен ресейлік Алексей «Сушист» Мешков (3-3) арасында реванштық айқас өтті. Үшінші раундта Асылжан қарсыласын ауыр нокаутқа жіберіп, чемпиондық белбеуін сәтті қорғады. Еске салсақ, өткен жылдың желтоқсанында өткен Alash Pride турнирінде Мешков Асылжанды 11-секунд ішінде хай-кик соққысымен нокаутқа түсірген еді.

Кештің ко-мэйн ивент жекпе-жегінде Brave CF ұйымының жартылай жеңіл салмақтағы вакантты чемпиондық белбеуі сарапқа салынды. Зимбабвелік Николас Хвенде (10-2) мен украиналық Омар Соломанов (14-3) титулдық айқас өткізіп, Хвенде бесінші раундта сабмишнмен жеңіске жетті.

Фото: Brave CF ресми сайты

Фото: Brave CF ресми сайты

Турнирдің алғашқы кездесуінде қырғызстандық Низамбек Абдрашитов армениялық Артур Арутюнянды төрешілердің біріңғай шешімімен жеңді.

74 келіге дейінгі аралық салмақта қазақстандық Рүстем Құдайбергенов бахрейндік Курбан Идрисовпен күш сынасты. Үш раундқа созылған жекпе-жекте Идрисов төрешілер шешімімен жеңіске жетті.

Қазақстандық Әбдірахман Өмірзақов - Асадбек Равшановты екінші раундта техникалық нокаутпен жеңді.

Тағы бір қазақстандық файтер Жәнібек Тыныштық қырғызстандық Асылбек Рүстамбек уулуын гильотина әдісімен тізе бүктірді.

Жартылай жеңіл салмақта Рауан Бекболат өзбекстандық Сардор Худойбердиевті бірінші раундта сабмишнмен жеңді.

60 келіге дейінгі аралық салмақта Диас Еренғаипов қырғызстандық Рысқұлбек Ибраимовтан басым түсіп, ММА-дегі 19-жеңісіне қол жеткізді.

Ауыр салмақта қазақстандық Расул Хатаев ресейлік Владимир Петренконы төрешілердің біріңғай шешімімен жеңді.