Қазақстан баскетболдан Азия кубогы іріктеуінің екінші кезеңіне өтті

Бекарыс Әлімхан··
Фото: ФИБА

Фото: ФИБА

Қазақстанның ерлер құрамасы Алматыда Қырғызстанды жеңіп, баскетболдан 2029 жылғы Азия кубогының алдын ала іріктеу кезеңінің екінші кезеңіне мерзімінен бұрын жолдама алды.

Қазақстандық баскетболшылар 88:67 есебімен жеңіске жетті. Құрама алғашқы үш ширектің барлығында 23:18, 26:13 және 25:18 есебімен басым түсті. Ал соңғы он минуттықта Қырғызстан құрамасы 18:14 есебімен жеңіске жетті.

Қазақстан құрамасының ең нәтижелі ойыншысы Роберт Пан болды. Ол 24 ұпай жинады. Даниил Севергин 20 ұпай еншіледі және ойын барысында жасаған тоғыз лақтыруының сегізін дәл түсірді.

Бұған дейін Қазақстан Мальдив аралдарын 114:43 есебімен жеңіп, Палестинадан 67:80 есебімен жеңілген еді. Екі жеңіс Қазақстан құрамасына B тобында алғашқы үштіктен орын алып, келесі кезеңге шығуға мүмкіндік берді. Командамен бірге Палестина және Шри-Ланка құрамалары да келесі кезеңге жолдама алды.

Қазақстан бірінші кезеңдегі соңғы матчын 31 тамызда Шри-Ланкаға қарсы өткізеді.

Алдын ала іріктеудің екінші кезеңі 2026 жылдың қараша және желтоқсан айларында өтеді.

Қазақстан баскетболдан Азия кубогы іріктеуінің екінші кезеңіне өтті – sport-hub