Басты бет
·
Басқа спорт түрлері

Қазақстан боччадан Әлем кубогында тарихи алтын медаль жеңіп алды

Дина Хамзина··
Қазақстан боччадан Әлем кубогында тарихи алтын медаль жеңіп алды

Бразилияның Сан-Паулу қаласында өтіп жатқан боччадан Әлем кубогында Қазақстан құрамасы екі медаль жеңіп алды. Жетісу облысының өкілі Қуаныш Асқарбеков тарихи алтын жүлдеге қол жеткізді.

Қазақстандық спортшы BC1 санатындағы жекелей жарыста топ жарып, Әлем кубогының жеңімпазы атанды. Бұл жетістік Қазақстан боччасының тарихындағы маңызды оқиға болды.

Ұлттық құраманың қоржынына тағы бір медальді Астана қаласының өкілі Итиана Шыңғысханова салды. Ол BC2 санатында екінші орын алып, күміс жүлдегер атанды.

Биылғы Әлем кубогына 24 елдің спортшылары қатысып жатыр. Қазақстан атынан үш параспортшы өнер көрсетуде:

- Қуаныш Асқарбеков (Жетісу облысы) – BC1, алтын медаль.

- Итиана Шыңғысханова (Астана) – BC2, күміс медаль.

- Азамат Аманша (Маңғыстау облысы) – BC2.

Жекелей жарыстар аяқталғаннан кейін Қазақстан құрамасы командалық сайыста өнер көрсетуін жалғастырып жатыр. Отандастарымыз тағы сегіз елдің өкілдерімен жүлделі орындар үшін таласуда.

Ұлттық құраманың елге оралуы 13 қарашаға жоспарланған.

Айта кетейік, бочча – паралимпиадалық спорт түрі. Онда қатысушылар өз доптарын нысана ретінде қойылған ақ допқа барынша жақын орналастыруға тырысады. Бұл спорт түрінде тірек-қимыл функциялары ауыр дәрежеде бұзылған спортшылар бақ сынайды.

Қазіргі уақытта Қазақстанда паралимпиадалық, сурдлимпиадалық және өзге де бағыттарды қамтитын 35 спорт түрі дамытылып жатыр.