Қазақстан чемпионатының үздік қақпашысы мансабын Польшада жалғастырады

Бегасыл Амирбай ··
Фото:  «Барыс» ХК

Фото: «Барыс» ХК

Қазақстан құрамасының қақпашысы және «Номад» клубының бұрынғы ойыншысы Роман Калмыков мансабын польшалық «Торунь» клубында жалғастырады.

Shaiba.kz мәліметінше, 24 жастағы қазақстандық хоккейші Қазақстан чемпионатындағы сәтті маусымнан кейін Польша командасымен келісімшартқа қол қойған.

Өткен Pro Hokei Ligasy маусымында Калмыков турнирдің үздік қақпашысы деп танылды. Тұрақты чемпионатта ол «Номад» сапында 28 матч өткізіп, соққылардың 92,5 пайызын қайтарды. Тиімділік коэффициенті — 2,04. Плей-офф кезеңінде қақпашы алты матчқа қатысып, соққылардың 93 пайызын тойтарды. Тиімділік коэффициенті — 1,93 болды.

Сонымен қатар Роман Калмыков Бейжіңде өткен Азия чемпионатының үздік қақпашысы атанды. Турнирде қазақстандық хоккейші екі жеңіске көмектесіп, соққылардың 90,38 пайызын қайтарды.

Осы маусымда «Торунь» Польша чемпионатының тұрақты кезеңінде алтыншы орын алып, кейін плей-оффтың ширек финалында жарысты аяқтады.