Қазақстан дзюдодан кадеттер арасындағы әлем чемпионатының аралас командалық жарысында алғаш рет финалға шықты

ҚР ҰОК
Қазақстанның дзюдо құрамасы Эквадордың Гуаякиль қаласында өтіп жатқан кадеттер арасындағы әлем чемпионатының аралас командалық жарысында тарихта алғаш рет финалға шықты.
Жартылай финалда қазақстандық дзюдошылар Өзбекстан құрамасын 4:2 есебімен жеңіп, турнирдің шешуші кезеңіне жолдама алды.
Финалға шығу жолында Қазақстан намысын Зере Талғатқызы (-48 келі), Ғабит Расулхан (-60 келі), Әзима Серік (-63 келі), Әлижан Сайлаубеков (-81 келі), Тоғжан Төлебай (+63 келі) және Әділжан Жаудинов (+81 келі) қорғады.
Қазақстандық дзюдошылар финалға дейін алдымен Болгария құрамасын 4:1 есебімен жеңді. Одан кейін ширек финалда Жапония құрамасын 4:2 есебімен жарыстан шығарып, сенсация жасады.
Финалда Қазақстан құрамасы Бразилиямен кездеседі. Шешуші белдесулер Астана уақытымен сағат 03:00-де басталады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан кадеттер арасындағы әлем чемпионатының аралас командалық жарысында ешқашан финалға шықпаған.
Еске салайық, әлем чемпионатының жеке жарыстарында қазақстандық спортшылар 10 медаль жеңіп алды: 3 алтын, 3 күміс және 4 қола. Қазақстан жалпы медальдық есепте екінші орынға ие болды.