Қазақстан дзюдодан Моңғолиядағы Grand Slam турнирінің бірінші күнінде жүлдесіз қалды

Темирлан Мажекенов··
ҚР ХОК

ҚР ХОК

Моңғолия астанасында дзюдодан беделді Grand Slam халықаралық турнирі басталды. Бұл жарыс 2028 жылғы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына іріктеу циклінің ашылуы болып саналады.

Ең сәтті өнер көрсеткен спортшы 48 келіге дейінгі салмақтағы Диана Буркеева болды. Ол қола медаль үшін белдесуде испаниялық Абелинда Мартинеске есе жіберді. Ал оның әріптесі Ғалия Тынбаева екінші айналымда француз Ширин Буклиге жол беріп, жарысты ерте аяқтады.

Ерлер арасында 60 келіге дейінгі салмақта Мағжан Шамшадин алғашқы кездесуінде италиялық Бьяджо Анджелодан жеңіліп қалды. Аман Бақытжан екінші айналымға дейін жетіп, грузиялық Георгий Сардаалашвилиге есе жіберді.

66 келі салмақта Нұрқанат Серікбаев пен Ақжігіт Насыр ширек финалға бір қадам қалғанда жарыстан шықты. Серікбаев әзербайжандық Руслан Пашаевқа, ал Насыр моңғолиялық Эрхэмбаяр Баттогтохқа жол берді.

Әйелдер арасында 52 келіге дейінгі салмақта Аружан Ережепова алғашқы белдесуде моңғолиялық Гал-Од Цэрэнтогтохтан жеңілді. 57 келіде Дана Абдирова түрікмен Майса Пардаевадан, ал Дина Муханбет ресейлік Ирина Зуевадан ұтылды.