Қазақстан дзюдодан Загреб Гран-приінде үздік үштікке енді

Фото: IJF
Қазақстан құрамасы Хорватияның Загреб қаласында өткен дзюдодан Гран-при турнирінде үш медаль жеңіп алып, жалпы командалық есепте үшінші орынға ие болды.
13–15 қараша аралығында өткен жарыста қазақстандық дзюдошылар бір алтын және екі күміс медаль еншіледі. Үш жүлденің барлығы турнирдің алғашқы күнінде жеңіп алынды.
Қазақстан құрамасының жалғыз алтын медалін 66 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Нұрқанат Серікбаев жеңіп алды. Ол финалда бразилиялық Роналд Лиманы иппон әдісімен мерзімінен бұрын жеңді. Бұл Серікбаевтың Гран-при сериясындағы алғашқы медалі болды.
Әйелдер арасында 48 келіге дейінгі салмақта Ғалия Тынбаева финалға дейін жетті. Алайда шешуші белдесуде биылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, италиялық Ассунта Скуттодан жеңіліп, күміс медаль иеленді.
60 келіге дейінгі салмақта Аман Бақытжан да финалға шықты. Оның қарсыласы Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, қытайлық Тайбэй өкілі Ян Юн Вэй болды.
Негізгі уақытта екі дзюдошы да бір-бір вазари ұпайын алды. Қосымша уақытқа ұласқан белдесуде жеті минуттық күрестен кейін Бақытжан үшінші ескерту алып, қарсыласына жол берді.
Қазақстан құрамасының тағы екі өкілі қола медальға таласты. 63 келіге дейінгі салмақта Эсмигүл Куюлова мен 100 келіден жоғары салмақта Ерасыл Қажыбаев үшінші орын үшін өткен белдесулерде жеңіліп, жарысты бесінші орынмен аяқтады.
Жалпы медаль есебінде төрт алтын және бір күміс жүлде алған Бразилия көш бастады. Екі алтын және екі қола медаль жеңіп алған Канада екінші орынға тұрақтады.
Ал бір алтын және екі күміс медаль иеленген Қазақстан үздік үштікті түйіндеді.
Айта кетейік, Загребтегі Гран-при турниріне 66 елден 462 дзюдошы қатысты.