Қазақстан керлингтен әлем чемпионатының іріктеуінде екінші жеңісіне қол жеткізді

ҚР ҰОК
Керлингтен Қазақстан ерлер құрамасы 2027 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирінде екінші жеңісін тіркеді. Отандастарымыз топтық кезеңнің үшінші матчында Аустрия құрамасын 7:4 есебімен жеңді.
Іріктеу жарысы 8–13 қараша аралығында Шотландияның Абердин қаласында өтіп жатыр.
Қазақстан құрамасы алғашқы кездесуінде Данияны 5:3 есебімен жеңген болатын. Алайда екінші ойында Түркиядан 3:6 есебімен жеңілді.
Үшінші матчта қазақстандық керлингшілер Аустриядан басым түсіп, әлем чемпионатына жолдама алу мүмкіндігін сақтап қалды.
Қазақстан құрамасының сапында Абылайхан Жүзбай, Әділ Жұмағожа, Айдос Аллияр, Мадияр Қорабаев және Дмитрий Гарагуль өнер көрсетіп жатыр. Команда скипі, яғни капитаны қызметін Абылайхан Жүзбай атқарады.
Алдағы уақытта Қазақстан құрамасы топтық кезеңде тағы төрт кездесу өткізеді. Қарсыластары – Норвегия, Мексика, Испания және Гонконг құрамалары.
Әлем чемпионатына қанша жолдама беріледі?
Іріктеу турниріне барлығы 16 ұлттық құрама қатысып жатыр. Командалар екі топқа бөлінген.
Жарыс қорытындысы бойынша алты құрама 2027 жылғы әлем чемпионатына жолдама алады.
Регламентке сәйкес, әр топтың үздік екі командасы әлем біріншілігіне тікелей жолдама иеленеді. Ал үшінші және төртінші орын алған құрамалар қалған екі жолдама үшін қосымша іріктеу матчтарын өткізеді.
Керлингтен ерлер арасындағы әлем чемпионаты 2027 жылдың 26 наурызы мен 4 сәуірі аралығында Канаданың Сент-Джон қаласында өтеді.