Қазақстан көркем жүзуден әлем чемпионатының медальдық есебінде төртінші орын алды

ҚР ҰОК
Қазақстан құрамасы Венгрияның Будапешт қаласында өткен көркем жүзуден жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатын аяқтады.
Қазақстандық спортшылар екі күміс және екі қола медаль жеңіп алды. Турнир 12-16 тамыз аралығында Будапештте өтті.
Қазақстан құрамасына алғашқы күміс медальді Алдияр Рамазанов пен Ясмина Исламова сыйлады. Қазақстандық дуэт аралас жұптар арасындағы еркін бағдарламада екінші орын алды. Айта кетейік, Рамазанов пен Исламова осы маусымда әлем кубогінің кезеңдерінде де жүлдеге ие болған. Олар Парижде күміс, Понтеведрада қола медаль жеңіп алған.
Қазақстан қоржынына тағы бір күміс медаль акробатикалық бағдарламада түсті. Ал екі қола жүлдені Виктор Друзин жеңіп алды. Ол ерлер арасындағы жеке сайыстың техникалық және еркін бағдарламаларында үшінші орынға ие болды.
Медальдық есепте бірінші орынды Ресей спортшылары иеленді. Олар 9 алтын және 1 қола медаль жеңіп алды. Екінші орын Испанияға бұйырды: 2 алтын, 4 күміс және 4 қола. Қытай құрамасы 5 күміс және 2 қола медальмен үшінші орын алды. Қазақстан төрт жүлдемен төртінші орынға жайғасты.
Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты «Дуна Аренада» өтті. Жарысқа әлемнің 30 елінен 200-ден астам спортшы қатысты.