Қазақстан мен Португалия Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде тең тарқасты

Фото: ҚФФ баспасөз қызметі
Қазақстанның 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы 2025/26 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирін сәтті бастап, топ фавориттерінің бірі саналатын Португалиядан ұпай алды.
Алғашқы тур матчы Грекияның Салоники қаласында өтті. Анық аутсайдер саналғанына қарамастан, қазақстандық футболшылар мінез көрсетіп, ұйымдасқан ойынның арқасында 1:1 есебімен тең нәтижеге қол жеткізді.
Ұзақ уақыт бойы кездесуде есеп ашылмаған еді. Тек 81-минутта Эдуарду Феррейраның дәл соққысынан кейін португалдар алға шықты. Пиренейлік аяқ допшылар жеңіске жететіндей көрінгенімен, Қазақстан құрамасы ойын тағдырын құтқарып қалды. 86-минутта алаңға қосалқы құрамнан шыққан Алдияр Нұрғали өз мүмкіндігін тиімді пайдаланып, есепті теңестірді және ұлттық құрамаға маңызды бір ұпайды сыйлады.
Қазақстан құрамасының бастапқы құрамы: Буч, Қалиев, Жексенбек, Мамедов, Артурұлы, Қағазбаев, Мұсаипов, Исмағұлов, Смақов, Керімхан және Латурнус.
Бірінші турдан кейін Қазақстан мен Португалияның еншісінде бір ұпайдан бар. Қазақстан құрамасы А лигасының 6-тобында өнер көрсетуде. Келесі матчта қазақстандықтар 6 маусым күні Сербия құрамасымен кездеседі. Ал топтық кезеңдегі соңғы ойынын 9 маусымда шағын турнир қожайыны Грекия құрамасына қарсы өткізеді.