Басты бет
·
Жекпе-жек түрлері

Қазақстан паратаеквондодан Париждегі Гран-при турнирінде тарихи алтын медаль жеңіп алды

Бекарыс Әлімхан··
Қазақстан паратаеквондодан Париждегі Гран-при турнирінде тарихи алтын медаль жеңіп алды

Қазақстандық спортшылар Францияда 8 қазанда өткен Paris 2026 World Para Taekwondo Grand Prix Series турнирінде екі медаль иеленді.

Нұрлан Домбаев 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде (К44) топ жарды. Финалда отандасымыз бразилиялық Жоэл Гомес да Силваны жеңіп, Қазақстан тарихында паратаеквондодан Гран-при сериясында алтын медаль алған алғашқы спортшы атанды.

Ұлттық құрама қоржынына тағы бір медальді Жанболат Қазиев салды. Ол осы салмақ дәрежесінде қола жүлдегер атанды. Бұған дейін Қазиев Оңтүстік Кореяда өткен G4 Open турнирінде жеңімпаз болған.

Айта кетейік, Нұрлан Домбаев – паратаеквондодан әлемнің екі дүркін және Азияның үш дүркін чемпионы. Сондай-ақ ол Ханчжоуда өткен Азия пара ойындарында қола медаль иеленген.

Биылғы маусымда қазақстандық спортшы Гран-при кезеңдерінде нәтижесін жақсартып отырды. Римде қола жүлдегер атанса, Оңтүстік Кореяның Муджу қаласында күміс медаль жеңіп алды. Ал Парижде жарыстың ең жоғары сатысына көтерілді.

Жарыс Париж маңындағы Леваллуа-Перре қаласында орналасқан Palais des Sports Marcel Cerdan аренасында өтті. Паратаеквондодан Гран-при турниріне 18 елден шамамен 120 спортшы қатысты.