Қазақстан құрамасы AVC Ұлттар кубогындағы төртінші жеңісіне қол жеткізді

Бегасыл Амирбай ··
Фото: volleykz

Фото: volleykz

Волейболдан Қазақстан әйелдер құрамасы AVC Ұлттар кубогындағы кезекті матчында Ливан командасын айқын басымдықпен жеңді.

Кездесу 3:0 (25:11, 25:19, 25:14) есебімен аяқталды. Осылайша қазақстандық волейболшылар турнирдегі жеңісті сериясын төрт матчқа дейін ұзартты. Қазақстан құрамасы ойын барысында қарсыластарына бірде-бір партияда мүмкіндік берген жоқ.

Матчтың ең нәтижелі ойыншысы Екатерина Михайлова атанып, 14 ұпай еншіледі. Динара Разақберлина 10 ұпай жинаса, Бота Уатаева сегіз ұпаймен көзге түсті.

Төрт турдан кейін Қазақстан құрамасы 12 ұпаймен В тобындағы көшбасшылық орнын сақтап қалды. Команда осы уақытқа дейін өткізген төрт матчтың барлығында жеңіске жетті.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы турнирдегі келесі ойынын 12 маусым күні Вьетнамға қарсы өткізеді. Бұл кездесудің жеңімпазы топта бірінші орын алады.