Қазақстан құрамасы Ирак, Қытай және Англия құрамаларымен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр

ҚБФ
Алматы облысының Жаңашар ауылында Қазақстанның ерлер арасындағы бокс құрамасының жазғы Азия ойындарына дайындығы аясындағы бірлескен оқу-жаттығу жиыны басталды.
Оқу-жаттығу жиыны 19 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында өтеді. Қазақстандық боксшылармен бірге жиынға Ирак, Қытай және Англия құрамаларының өкілдері қатысып жатыр. Жиынның негізгі мақсаты спортшылардың арнайы дене дайындығын жетілдіру.
Жаттығу барысында Азия ойындарында кездесуі мүмкін қарсыластарға дайындыққа, сондай-ақ боксшылардың техникалық және тактикалық шеберлігін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Бірлескен жаттығулар спортшыларға қосымша жарыс тәжірибесін жинақтап, жекпе-жек жүргізудің әртүрлі мәнерлеріне бейімделуге мүмкіндік береді.
Алматы облысындағы жиын аяқталған соң, қыркүйек айының басында Қазақстан құрамасы Жапонияға аттанады. Дәл сол жерде команданың жазғы Азия ойындарына дайындығының қорытынды кезеңі өтеді.