Қазақстан құрамасы күрестен Азия чемпионатында тағы екі медаль жеңіп алды

Фото: UWW ресми сайты
Қазақстан спортшылары Вьетнамның Дананг қаласында өтіп жатқан жастар арасындағы Азия чемпионатындағы жарыс жолын сәтті жалғастыруда.
Ұлттық құраманың қоржынына кезекті медальдерді әйелдер күресінің өкілдері салды.
57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Алтын Шагаева турнирдің күміс жүлдегері атанды. Финалдық белдесуде қазақстандық спортшы үндістандық Тапсияға жол берді.
Қазақстанға тағы бір күміс медальді 62 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Тыныс Дүбек әкелді. Шешуші белдесуде ол үндістандық Хануманд Фандқа 0:4 есебімен есе жіберді.
Ал 53 келіге дейінгі салмақта Фарида Абдрахманова жүлдеге іліге алмады. Қола медаль үшін өткен белдесуде қазақстандық балуан өзбекстандық Дильшода Матназароваға 1:4 есебімен жеңілді.
Еске салайық, бұған дейін турнирде еркін күрестен Майис Алиев (70 келіге дейін) алтын медаль жеңіп алған еді. Ал Еламан Амангелді 57 келіге дейінгі салмақта күміс жүлдегер атанды.